article_image

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол - ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Әуелі хаят, хәдис - сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мүнәжәт уәлилердің зар наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанып жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап.
Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді солар даңдақ.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.
Амалдап қарағайды талға жалғап,
Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.
Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,
Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.
Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,
Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».
Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап -
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Өлең мағынасы

Біріншіден, бұл өлеңде Абай ақындық өнері, ақын шығармалары әлеуметтік тартыстың үлкен құралы, зор мәнді әрекеті екенін анық түсінгенін көрсетеді. Шығарманың үлкен идеясы анық халықшыл демократ қайраткерлердің салт- санасын танытады. Ең алғашқы сөздерде өлеңге көркемдіктің шартын қойып, эстетикалық жаңа норма жариялайды. Адам баласы айтып келген сөздің асылы - поэзия екенін биік бағалаумен бірге, оны төмендететін олқылықтарды да алдымен айтады. Ал шын жақсы өлеңді ердің ері, данасы туғызатыны сөз болады. Шын жақсы өлең өзі де даналықтың айғағы дейді. Бірақ өзіне шейін қазақ көпшілігіне жайылып жүрген өлең бұны қанағат еткізе алмайды. Айтушы да, тыңдаушы да надан болғандықтан поэзияның зор қасиеті тумай да, танылмай да жүр дейді. Келесі бір-екі шумақта Абай өлең сөздің бағасын дін деректерімен дәлелдейді. Мұсылманшылық ұғымынша ең беделді деген жайларды дәлелдейді. Тәңірінің өзі, пайғамбары, мұсылмандарға ұстаздық етуші әулие ғұламасы - бәрі де өленді қадірлейтін боп аталады. Бірақ қатты ескертетін нәрсе, Абай бұл жерде ислам дінін мадақтау үшін жаңағыларды сөз етіп отырған жоқ. Тек хат танитын қазақ оқушысының көпшілігі мойындаған дін ұғымдарын, өзіне шартты түрде керекке жаратады. Өлеңнің сол ортадағы беделін көтеру үшін пайдаланады. Болмаса, исламның анық дін басы үгітшілерінің - имам, сопыларының, молда, ишандарының көзімен қарағанда, Абай өлең сөз туралы жариялап отырған жаңалықты түгелімен күпірлік деп санар еді. Өзі бағасын көтермек болған өлеңді құдай айтқан құранмен, пайғамбар айтқан хадиспен теңеуден артық дін бүзарлық болмас. Абай ол арасын жақсы ұғынса да, мына тұста сол дін авторитеттерін өз керегіне жаратады. Онысы және өзінің терең нанымы емес, халық ұғымына берілген баж деп танылу керек.

Связанные авторы